"Бұл уақытша емес". Оқу министрі педагогтердің білімін бағалауды тоқтату туралы




Енді ПББ тестінің аттестацияға ешқандай байланысы болмайды.


Оқу-ағарту министрі педагогтердің білімін бағалау тестін тоқтату туралы шешім қабылданғаннан кейін туындаған бірқатар сұраққа жауап берді.

"Бұл уақытша тоқтату емес. Біздің педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген ұстаздарымыз біліктілік тексеру тестін тапсырмайды. Оны біз алып тастадық. Бірақ, бұл тестіні педагог мамандығына ең алғашқы қадамын басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені, олар мамандыққа енді ғана келе жатыр, сондықтан олардың білім деңгейін біз білуіміз керек. Сондай-ақ, осы жас ұстаздар екі жылдан кейін "педагог модератор" біліктілік деңгейіне өтуге қадам басқан кезде педагогтің біліктілік деңгейін тексеру тестін тапсырады. Қалған ұстаздар қалған санаттарға өту үшін біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл тестінің аттестацияға ешқандай байланысы болмайды", – деп түсіндірді Жұлдыз Сүлейменова.

Еске салайық, кеше оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Қазақстанда педагогтердің білімін бағалау рәсімі тоқтатылғанын хабарлаған болатын. Алайда бұл хабарлама педагог қоғамдастығында түсініспеушіліктер туғызып, тіпті сын пікірлер де жазылды. Сондай-ақ, бұл тоқтату уақытша сипатқа ие екені туралы да жазылды.


Оқи отырыңыз:

  • Мұғалімдердің білімін бағалау сынағы тоқтатылды – Жұлдыз Сүлейменова
  • Тегін цифрлық платформа: Мұғалім балалардың оқу үлгерімін қалай онлайн бақылай алады